Обратная связь
×

Обратная связь

Сенатор «Гитлер бункерін» салуға қарсы

    02 ноября 2012 в 09:42
  • 0
  • 324
  • 0
  • 0
  • 324
  • 0

02.11.12.

Сенаторлар бір «құпия сырдың» бетін ашты. Қазақстанда мектеп салынады. Әу баста ол бойынша бір компания төмен бағасы арқасында тендерде жеңіске жетеді, алайда құрылысы ортасынан ауғанда, «материалдары қымбаттады, құрылысы күшейтілді» деп, мектепті салушы қосымша миллиондар талап етіп, қол жайып, отырып алады. Ел Үкіметі талай жыл бас қатырып, бұл кесірді қалай тию жолын білмей келген. Сөйтсек, оның кейбіріне Ташкент сәулетшілері «кінәлі» болып шықты! Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында тағы бір елең еткізген ақпар айтылды: Қызылордада «Гитлердің бункері» салынып жатыр екен.

Үкіметтің Парламенттен «секреттері» көбейе бастады. Биік лауазымды шенеуніктер қалаулыларға жалаң заңды алып келеді де, оны айқындаушы материалдарды көрсетпейді. Олардың мазмұнын сұраса, түлкібұлаңға салып, айтпайды. Тықақтап сұраған депутаттарға: «Сіздің сұрауыңыз бойынша кейін жазбаша түрде ұсынамыз» деп жалтарады. Бір ғажабы, жоғары мансапты шенділер де­путаттардың осал жерлерін дөп басады. Осы жолы да олар «Қазақстанның Бюджеттік кодексіне өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын Парламентке үш жылдық бюджет жобасымен қосақабат енгізген. Аталған заңға қатысты кеше сенаторлардың да көптеген қар­сылықтары туындады.

Бірақ Үкіметтің ұсынғанын қабыл ал­масқа шара жоқ: Үкімет қаржыгерлері мен экономистері Қазақстанның үш жыл­дық «әмиянын» әлгі заң Бюджет кодексіне енгізетін жаңалықтарына құрып, қалып­тастырыпты. Яғни Парламент заңжобаны қабылдамай тастаса, алдағы үш жылдың басты қаржылық құжаты да қабылдана алмайды. Бюджетті қабылдамаса, бір тоқ­тамға келе алмаса, ел басшылығына Пар­ламентті таратуға тура келеді.
Оның үстіне депутаттардың көкірегін «осы, Үкімет Парламентті ауыстырғысы келіп отырған жоқ па?» деген күдік-қор­қыныш кеулей бастады. Оны бірқатар депутаттар ашық айтты. Мұның мәнісі мынада: «Бюджеттік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның жобасы бізде бұрын-соңды бол­маған «шартты қаржыландыру» деген жаңалықты енгізбек. Яғни енді бірқатар істерді қаржыландыру нақты емес, шартты сипатқа ие болады: бұлайша қаржыланды­рылатын бағдарламалардың, жобалардың тізімі бюджетке кіреді, бірақ олар ел қазы­насына қосымша түсім түссе ғана қар­жы­ландырылатын көрінеді.
Бұған дейін, яғни қазір басқа тетік жұмыс істейді: егер қосымша түсім түссе, ел Үкіметі оларды қайда бөлетіндерін көр­сетіп, ендігі бекітілген бюджеттің жаңа жобасымен Парламентке қайта келеді, рұқсатын алады. Ал депутаттардың айтуын­ша, «шартты қаржыландыру» те­тігі ел Үкіметіне депутаттар алдына кел­мей-ақ, түскен қаржыны «шартты қаржы­ландырылатын шығыстар тізіміне» кір­гендерге бағыттай салуға мүмкіндік бермек. Қосымша қаражаттарды енді Үкі­метте Республикалық бюджеттік комиссия бөліске салады.
— Біз соны заңдастырғалы отырған сияқтымыз. Сонда қалай болғаны? Пар­ламенттің рөлін қандай дәрежеге дейін төмендеткелі отырмыз. Осыған түсін­бей­мін, — деп дабыл қақты сенатор Қ.Айта­ханов.
Ең сорақысы сол, жауапты шенеуніктер «шартты қаржыландырудың» қандай тәр­тіппен айқындалатындығын түсіндіретін материалдарды депутаттарға да бермепті. «Оны неге біз бүгін білмейміз? Парламент білуі керек қой? Неге ол тәртіп бізге, осы заңмен бірге, қосымша берілмейді?» деп мазасызданды сенатор Қуаныш Айта­хан­ұлы.
Заң жобасын Парламентте қорғауға жауапты Экономикалық даму және сауда министрі «шартты қаржыландырудың» мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік жаңа нысандардың құрылысына сеп болатын­дығын алға тартты: сондай кейбір жобаның құрылысын қаржыландыру кей жылдары бюджетке кірмей қалатын, енді мына тетік арқасында ондай оқиғалар сиремек.
— Сіз Мәжілісте сөйлеген сөзіңізде: «Біреулердің сметасы көтерілді, бітіре алмағандықтан, ақша сұрап жатыр» деп айтыпсыз, — деп министрге қайырылды сенатор Қожахмет Баймаханов. — Мен осыны түсінбеймін де. Құрылысшы ре­тін­де, бұрынғы әкім ретінде де айтып отыр­мын. Менің түсінбейтінім, 1 миллиард тұ­ратын мектеп құрылысы аяқталғанша бір жарым миллиардқа барады. Қалай?! Рұқ­сат етілетін шек бар, құны миллиардтық мектепті 1 миллиард 50 миллионға салуға келісуге болады. Ал жарты миллиардқа қымбаттау… Осы соңғы уақытта өте кө­бейіп бара жатыр.
Қожахмет Баймаханов қымбаттау себептерін іздепті: «Жақында мен Қызыл­орда қаласында бюджет есебінен салынып жатқан құрылысты барып көрдім. Ол де­ген анау «Гитлердің бункері» сияқты! Тол­ған арматура, жатқан бетон! Жалпы, Қы­зыл­орда қаласының сейсмикалық жағдайы 5 балға дейін деп көрсетілген. Кеңес өкі­меті кезінде Қызылордада монолиттік бе­тон, монолиттік балка, монолиттік колонна деген мүлдем болмаған. Осы соңғы кезде ақша көбейгеннен бастап, мына Тәшкеннің архитекторлары келе бастады. Ал Тәш­кенде 9-12 балл! Өзбектер содан 9-12 балға есептелген бағдарлама бойынша компью­терге «салып» кеп жібереді де, содан 9-12 балға төтеп беруге тиісті мектептің жо­басы шыға келеді» деген сенатор өзбектер­дің онысын Оңтүстік Қазақстанға емес, «Тәшкенге есептелген проекті» деп шорт кесті.
Нәтижесінде, Қ.Баймахановтың ай­туын­ша, өзбектердің солайша жобалауы кесірінен, біріншіден, жоба қымбаттайды. Екіншіден, құрылыстың мерзімі 1,5 есе дерлік артады. «Өйткені құйылған балка 28 күн қатуы керек! Мен айтамын: «Айна­лайындар-ау, бюджеттің ақшасын аямай­сыңдар ма? Мынау не, істеп жатқан­да­рың?» деп күйінді сенатор. — Оу, Кеңес өкі­меті кезінде салған құрылыстар аман-есен тұр ғой! Әлде де олар тұрады сол жер­де» дей келе, ол осыған Үкіметтің назар аударуын сұрады.
Бұған қоса, Сенат депутаты Үкіметке мектеп, аурухана сияқтыларды әр жерде әр алуан түрлендірмей, бір типте салуды ұсынды: «Аурухана, мектеп болсын, орта­лықтан бірыңғай жоба шығарсаңдаршы! Әйтпесе әр облыс өзінше жоба жасайды. Неге бюджет есебінен әртүрлі ауруханалар салуымыз керек? Неге бюджет есебінен салынатын ұқсас нысандар бір облыста 1 миллиард, екіншісінде 1,5 миллиард тұ­рады. Неге 1 облыста беті керамогранитпен қапталады, екінші облыс бетін «алтынмен» аптайды? Жекенің салған ақшасы болса, мен түсінер едім. Не істесе, оны істесін! Ал мынау — халықтың ақшасы ғой?!»
Экономика министрі бұл ұсыныспен келісті.
Заң жобасын Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.

Айхан ШӘРIП

 

Теги: вне потока

Читайте также

0 комментариев