Обратная связь
×

Обратная связь

Борхестің әңгімесі, не мендегі шайтан

    17 августа 2012 в 09:00
  • 0
  • 260
  • 0
  • 0
  • 260
  • 0

Әдетте, интимдік тақырып талқыға шыққанда жабайылана бастайды, не оның бастапқы мөлдірлігі жоғалады. Не керек, бұған ойдың сөздің ебедейсіз қалыбына ауысуын ғана кінәлеуге болатын шығар. Тақырып – дін. Яки, борхестік сөз-саптау:

Argumentum ornitologium

Көзімді жұмған кезде құстарды көремін, оларға бір мезет қана көзім түсіпті. Мен оларды ешқашан санап үлгермеймін.

Көзімді жұмып тұрып, қанша құс көретінімді санай аламын ба? Жауап «Иә» болса, Құдай бар болғаны, Ол санын нақты білуі керек. Егер Құдай жоқ болса – «Жоқ». Санамай жатып, санын кім анықтай алады екен? Мейлі болсын. Ал мен құстарды көремін.

Оннан аз деп айтайық. Біреуден көп екені күәмінсіз. Егер саны белгісіз болса, онда ол тоғыз да, сегіз де, жеті де, алты да не бес те емес. Екі де, үш те, төрт те емес. Бірақ мен құстарды көремін.

Саны оннан аз, бірден көп екені анық. Олар қанша болса да бар! Ergo, Құдай бар.

Борхес

Қызық жазылған. Алғаш оқығанда, ыршып түсіп, аттап өткенмін. Салмағы канондық деп есептелінгенді адамға түсініксіздеу сюжетпен дәлелдеуге тырысқан, сонысымен шектелген деген ой болған. Ол ойымнан әлі де айныған жоқпын, бірақ ішкі мөлдірлік пен тазалықты, Сенімнің қаншалықты түсініксіз әрі қарапайым болатынын айтқысы келгенін ұға бастағандаймын. Шынында, қаныға бастағандаймын.

Ол құстарды көзін жұмғанда көреді, санай алмайды, бір мезет – сосын көз алдынан бұл-бұл ұшады. Жаратушыға сенетіндердің бойындағы кіршіксіз сезімнің табиғатын ашқан сияқты. Өзім үшін солай деп шештім!

Дін – құрал емес, бірақ оны сол мақсатта пайдаланды. Ол ауру емес, бірақ ол туралы көп адам солай ойлайды. Дін – апиын да емес, бағыт та емес, тармақ та емес, міндет те емес. Ол ештеңеге үйретпейді. Мүмкін мен сенім туралы айтып отырған шығармын. Мүмкін. Бірақ, онымен сананы улауға, өзгелерге қарсы қоюға, адамдарды бір-бірінен алыстатуға, түсініспестік пен тартыс туғызуға болмайтынын ғана білемін. Ал, қазіргі діни оқиғалар діннің дәл осы жолмен бара жатқанын ғана көрсетеді.

Мұсылмандардың израильдіктерге жаугершілігі, евангелистердің құранды өртемекші болғандығы, шейіттер мен сүнниттердің бір-бірінің мешітін бомбалауы, батыстық баспасөздегі карикатура, менсінбеушілік, немқұрайдылық пен тәкаппарлық…

Тізім – шексіз, ол тарих беттерінде қанмен сорғалап жазылған, талай адамдардың жанымен қол қойылған, куәлендірілген. Мүмкін, осының бәрі діни фанатизмнен шығар. Мұса да, Иса да, Мұхаммед те жағдайдың осындай ушығатынына көздері анық жетпегеніне сенімдімін.

Борхес, қайтадан Борхеске. Мен құстарды тек көзімді жұмып қана көремін. Оның өзінде бір мезетке ғана. Сол мезетте құстардың қанша екенін санап үлгермеймін. Бірақ көріп тұрғаным анық. Бар мен жоқ. Мәңгі бітіспес дау екі мың жылдан бері сол басталған орнынан бір қадам да алға жылжымапты. Енді екі мың жылдайн кейін ары қарай жылжи қоятынына сенімнің жоғалғаны қашан.

Сенімді сыртқы көрініс, бос көлгірсу мен сенбейтінді сендіртуге тырысумен көрсетудің қажеті қанша? Бүкіл түсініспестік осыдан басталады ғой. Әдетте, содан. Мына қызықты қара, дін айтып келе жатқан адами проблемалар (зинақорлық, азғындық, дүниеқорлық, сатқындық) осыдан екі мың жыл бұрын қаншалықты өзекті болса, бүгін де дәл сол күйінде. Дін – адамдықтың менеджменті деп есептесек, онда ол тіпті компетентсіз менеджер болып шықты. Екі мың жылдан бері шешілмей келе жатқан тапсырмалар бума-бума болып жатыр деп елестете беру керек. Оның үстіне, ол бумалардың өртке кетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ.

Күпірлік, иа, не десе де әркімнің өз еркі. Түптеп келгенде, бұл мәселер тек бір менің күйкі басымды емес, талай жарқын-маңдайлылардың миына жегі құрт болып жармасып, жабысып, соңына дейін берілмегеніне сенімдімі.

Бәленің бәрі Борхестен басталды!

Бірақ, өзі толық түсінбеген ұғым туралы өзгенің көкірегінде сенімді оятуға тырысып жүргендер көп-ақ. Бәріміз де құстарды көретін де шығармыз, ол — шындық. Бірақ, ол құсты тек көзді жұмып, өзіңмен жеке қалғанда ғана көріп, оларды санауға шамаңның жете бермейтіндігін ұмыта беретін сияқты. Ал көзін жұмып, көрген құсын санап үлгергендей болып, сөзіне құлақ түрткізуге талпынып жүргендер ше. 

Менің санамда белгілі бір ғана нәрсе бар – көзімді жұмған бір мезетте мен құстарды көремін. Оған қол салып, орныма құстарды санап бермекші болған кез-келген әрекет менің ішкі дүниемнің үнсіз қарсылығына ғана ұшырайтын болады.

Мені таспен лақтырып тастамай тұрғанда, осымен, тоқтайын!

P.S. Борхестің әңгімесі – менің еркін аудармам. 

Теги: Борхест гмес , Хорхе Луис Борхес , Дн , Дниетаным , Кзарас

0 комментариев

4317 e_zhalgas
17 августа 2012, 09:00