Обратная связь
×

Обратная связь

Туысыңнан түңілме...

    24 сентября 2012 в 22:27
  • 0
  • 813
  • 1
  • 0
  • 813
  • 1

«Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе»
(Махамбет).

Адам көзі тірісінде бауырының, туғандарының, жақындарының қадірін жете түсініп, арадағы сыйластықты сақтай білсе, нұр үстіне нұр. Алайда бүгінгі таңда бауырынан гөрі дүниесін артық көретін жандар жоқ емес. Бар-жоғы 5-6 ағайынды болып өскен бір отбасының балалары бір-бірімен қырық пышақ болып жататынын қайтерсің… Заманына қарай адамы. Әлде қазіргі күйбең тіршіліктің, жанталас өмірдің әсері ме. Бүгінгі таңда жүрекке қаяу түсіретіні, кейбіреулері алыс туысқаны түгілі, жақын бауырын туғаным деп танымай жатады, араларынан бауырмалдық леп байқалмайды.
Осы бір ауылда айрандай ұйып отырған, берекесі жарасқан, көпшілікке үлгі тұтарлық отбасылардың бірі — Әлімханның жанұясы. Отбасында бес бүлдіршін өсіріп отырған ата-ана балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларды саналы ұрпақ етіп жеткізу үшін алдына жан салмады. «Еккен ағашыңды қалай баптап өсірсең, солай жемісін бермек емес пе...».
Үйдің тұңғышы, сондай-ақ кейінгі бауырларына да үлгі болатыны Гүлжамал. Себебі «алдыңғы арба қалай жүрсе, кейінгілері де солай жүрмек». Одан кейінгісі Жанболат, Әсия, Дариға және ең кенжесі Сұлтанбек. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар». Бәрі де бір-біріне апалық, інілік ізет көрсетіп, тату-тәтті өсті.
Бірде 6 жасар Әсия үйіне жылап келді. Қарындасының көзі жасқа толғанына ет-бауыры үзіліп кете жаздап Жанболат:
— Не болды? Неге жылап жатырсың? — деп жанашырлық танытты. Сонда қорғаныш іздеген кейпі Әсия өксіген дауыспен болған жайды айтады:
— Құрбым екеуіміз көшеде келе жатыр едік, екі-үш бала иттерін айтақтатып қуды бізді. Бір ит тіпті мені тістеп ала жаздады.
— Кеттік жүр, көрсет қане, қай балалар екенін. Көрейін олардың әуселесін — деп ызаланып, ашуға булығып қарын­дасына деген қамқорлығын көрсетті. Ізгіліктің өзі осындай ұсақ-түйек жайттардан байқалмақ емес пе.
Сіз бен бізі таусылмай, сыйластығы жарасқан бауырлары кейін ер жетіп, арасына от түскендей жан-жаққа бытырап, бір-бірінен ұзап кетті. Әрқайсысы үй-күйлі, балалы-шағалы болып, өз алдына бір-бір отау тікті. Ата-аналары көз жұмғаннан бері, ағайын-туыстың ара жігі үзіліп, аралас-құраласты да қойды. Арадағы бауырмалдық­тың ауылы бұлар үшін артта қалды. Бес ағайынның арасында үйдің үлкені Гүлжамал жалғызбасты болып, тұрмыс құрмай қалған еді. Өзінен кейінгілерін алға сүйреп өскен, ата-анасының өмірден озғанынша да бағып-қаққан да сол. Оның да жасы көзді ашып-жұмғанша қырықтың үстіне шығып кетті. Кезінде шат-шадыман болып, ырысы шайқалмаған үй қазір қаңырап қалғандай. Сол естелігі көп үйде Гүлжамал жалғыз өзі қу тіршіліктің құрсауында қалды. Бірде ол жалғызсырап отырудан жалықты ма бәлкім, қалаға ыңғайласуды ойлап, Алматыға келді. Әзірге баспанасы жоқ жанға бауырларының үйін паналамасқа шара жоқ. Қазіргі заманда әркімнің қаладан баспана алуға да қолы жете бермейтіні анық. Сөйтіп, өзінен кейінгі інісі Жанболаттың қолына келіп, сонда тұрмақшы болады. Сонда жарты айдай уақыт тұрады. Бара-бара келіні қабағын тарс түйіп алып, оны жаратпай жүргенін сезіп, сондай-ақ інісі екеуінің жиілеп кеткен айқай-ұрысынан мезі болған апасы буынып-түйініп, кенже туған сіңлісінің үйіне жол тартады. Алматыда өзінен кейінгі Жанболат інісі мен кенже сіңілісі Дариға тұратын, ал қалған екеуі басқа қалаларға бет алған еді. Сөйтіп, ең үлкен апалары асынып-тартынып сіңлісінің үйіне барады. Сіңлісі Дариға екі қабатты баспанада (коттеджде) тұрады, тұрмыстық жағдайы да айтарлықтай жақсы. Табатын табысы да жаман емес.
Қазіргі заман нарық заманы ғой. Бүгінгі өмір де басқа. Кімде-кім болсын, неге ыңғайлы, өмірдің қай саласында өзінің мүмкіндік, бейімділігін аша алады, сол тірлігімен өмір сүреді. Әркім екі қолға бір күрек тауып, бүгінгі жұмыстың қай түрі болсын жатсынбай, соны кәсіп етуде. Көпшілігінің сондай атақты кәсіптерінің бірі болып отыр­ғаны — сауда-саттық. Дариға мен жолдасы да сол сауданың арқасында өз жағдайларын жасап отыр.
Гүлжамал бұл үйге «не де болса әпкесімін ғой, сондай-ақ қыз балалар болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінуге тиіспіз ғой» деген үміт жетегімен келді.
Келген бауырын, туған апасын жатсынсын ба, әйтеуір бетін қайтармай қарсы алды сіңлісі. Екі баласы және жолдасы Есенмен төртеуі тұрып жатқан шаңыраққа, апасы Гүлжамал да жайғасты. Күйеу баласы Есен де қайын апасының алдында кішірейіп, қысылып-қымтырылып, айтқан сөзін қалт еткізбей, міндетін атқарды. Гүлжамал ма­мандығы бойынша филолог еді. Ауылында да талай уақыт бойы ұстаздық еткен. Тәжірибесі мол оқытушыға үлкен қала Алматыдан да жұмыс табыла қойды, жоғары оқу орнына (университетке) оқытушы болып орналасты.
Жалғыз тұрып үйреніп қалған жан, бірде жиендерінің үйге достарын әкеліп, у-шу болып жатқан ырду-дырдуына шыдамай, жекіп салады. Оны құлағы шалған сіңлісі апасының мұнысын жақтырмай, шатынап шыға келмесі бар ма...
— Менің балаларымда нең бар, шулап жатса өз үйлері, тіпті басына көтеріп жатса-дағы, бірақ өйтіп жатқан жоқ қой. Достары да біздің аралас-құраластарымыздың балалары — деп салды. Сіңлісінің «не істесе де өз үйлері...» деген сөзі апасының жанына ине шаншығандай қатты батты. Ол еш үн қата алмай, бар айтқаны:
— Е… дұрыс… жаман болсын демеймін ғой, — деді де қойды.
Үйдің кенжелері расымен үлкеннің көңіліне қарасын ба, ішкі ойын дүрсе қоя беріп, бетке айтып тастайды. Қолында жарты жылдан астам уақыт тұрып жатқан апасынан Дариға жалығып, оны жаратпай жүргендей болды. Өздері отбасымен қыдыруға шығып, апасын үйде жалғыз тастап кететінді шығарды.
Бір күні Гүлжамал жұмысындағы құрбысындай болып кеткен әріптесін ертіп келіп, өздері сыр шертіп, әңгіме-дүкен құрып шай ішіп отырған болатын. Екі құрбының көңілдері көл болып отырған сәттерінде қажулы түрімен жұмыстан үй иесі Дариға келді. Бұлармен де келіп отырмайды. Тарс-гүрс етіп, өз ісімен болды. Сәлден соң, құрбысы да ұялған бойы кетуге жиналды. Гүлжамал оны шығарып салды. Кейін үйіне кірген уақытта сіңлісі оны беттен алып, дау-жанжал шығармасы бар ма.
— Маған сенің құрбыларыңның отырып кеткендері керек емес, жинама оларды үйіме. Шақырсаң, өзіңнің үйіңе ша­қыр, әйтпесе өзің де солармен қоса кет, — деп айқайлап салады. Солайша бір жылдай уақыт бір шатырдың астына сыйғызып отырған бірге туған бауырын бір-ақ күнде қуып шықты.
«Өмірде дос табылар, құдайдың жарылқауымен бала да болар, ал бір туған бауыр табылсын ба...». Әрине, біреудің үйі саған үй болмас, өзінің бауырларының қас-қабағына қарап жалыққан Гүлжамал «қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім...» деп мұңға батып, Алматымен де қош айтысты. Өзі туып-өскен, қалаға қоңсылас орналасқан ауылына кете барды.
«Үйдің жылы-суығын, қыс түскенде білерсің. Ағайынның алыс-жақынын, іс түскенде білерсің» деп бекер айтылмаған. «Бір туғаным, қаным ғой, жақыным» деп жеткен бауырларынан көңілі қалып, іштей жүрегі жылап, енді оларды іздеп бармайтындай, есіктерін ашпастай болып кетті.
Қазіргі қауым дүние-мүлікке құштар. Рухани байлықтан гөрі, ақшаның көзін табуды мақсат тұтып, дүниеқоңыздыққа берілгендер көп. Тіпті байлықтан тасығандар, бойларында өзімшілдік ұялап туған-туыс, бауыр­­ларын да елемей, місе тұтпайтындарын қайтерсің.
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп». Тырбанып тапқан ақшаң, дүниең, мал-мүлкің тек құны, сыры кеткенше. Ал туғаның өле-өлгенше бауырың болып қалмақ. Осыны естен шығарып алған адамдар аз ба?
Ал сіз өз туыстарыңызбен қандай қарым-қатынастасыз?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА

 

Теги: общество

1 комментарий