Обратная связь
×

Обратная связь

«Батыр анасы» көп аудан

    01 октября 2012 в 18:24
  • 0
  • 618
  • 0
  • 0
  • 618
  • 0

29.09.12.

Бәйдібек ауданында қазіргі кезде 52 елді мекен 11 ауылдық әкімшілік бар. 53 мыңнан артық халық тұрады. Ауданды іскер азамат Жолдас Райымбек басқарып келеді. Осы ауылдың тумасы.

Кеңес Одағы кезінде ұзақ жылдар бойы совхоз директоры болған азаматқа қазір аграрлы өңірді басқару қиындық тудырған жоқ. Өңірде мал шаруашылығын өркендету мақсатында әкімшілік жанынан арнайы бағдарлама қабылданып, бұл күндері қой саны 450 мың басқа жетті. 340 қора қалпына келтірілді. Бір шаруашылықтың өзінде ғана 5-6 мың қой өсіріп отырған атақты малшылар бар. Ірі қара саны 56 мыңға жетсе, жылқы 12 мыңның үстінде.
— Аудан бойынша 123 мың гектар егістік жер бар. Соның 84 мың гектар жері игерілген. Қалғаны игерілмей жатыр. Осы мақсатта біз қазір 20 мың гектар егістік жерді жайылымға айналдырып, суармалы жерлерді де көбейту үшін нақты істерді қолға ала бастадық. Бұл әрине, аудан экономикасының қуатын көтеруге, мал басын арттыруға мүмкіндіктер туғызады, — дейді аудан әкімі.
Жыл сайын 25-30 техника сатып алып, өздерінің машина, трактор стансасын жаңартып жатқан шаруа иелерінің табысы да жаман емес. Аудандағы 4 мың гектар суармалы жердің 2 мың гектар жерін игеру қолға алынуда. Бұл жерде ауылдың 50-ге жуық азаматы еңбек етеді. Ауыл диқандары жүгері, пісте, майкене, бақша өнімдері мен жоңышқа егіп, мол өнім алуда. Ауыл шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген аудан басшысы шаруашылыққа жаңа озық технологияны енгізіп, ұтымды жобаларды іске асыру үшін бар тәжірибесін жұмсауда. Қазір де олар авиацияға және косметикаға қажет техникалық май алу үшін экспорттық тиімді дақыл майкенені израильдық технология бойынша өсіруде. Бәйдібек ауданының озық технологиясын облыстың басқа жерлеріне тарату жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың арнайы тапсырмасы бар. Алдағы уақытта ауданда өңдеуші кәсіпорындар салып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл өңірдің табиғаты тым қатал. Қы­сы қыраулы, қары қалың, ал жаз, күз мезгілдерінде қатты жел соғады. Өзен, су да жетерлік. Майда жеті өзен бар. Мамандар қазір осы өзен суларын пайдалану мақсатында суармалы жерлерді көбейту үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Оның маңыздылығы сол, ауданда мал санын көбейтіп, азық-түлік қорын жеткілікті жасау үшін қажет. Биылғы жылы индустриялық- инновациялық бағдарлама бойынша «Ақниет» шаруа қожалығының ұсынған жаңа жобалары іске аспақ. Жобаның мақсаты — жаңадан сүт, ет өңдеу цехтарын ашып, Елбасының тапсырмасы бойынша Ресейге экспортқа сапалы ет өнімдерін шығару. Бүгінге дейін Бәйдібектен Астана, Алматы қалаларына экологиялық таза сапалы ет өнімдері жөнелтілуде.Оңтүстік аймақты ет өнімімен Бәйдібектің шаруалары толық қамтамасыз етіп отыр. Аудан орталығы Шаянда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде үш көшеге асфальт төселген, тағы да қосымша үш көшеге өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда ауызсу, жарық мәселелерін шешу жөнінде қаражат мәселесі қарастырылып жатыр.
Аудан әкімінің болашақта атқарар жұмыстары өте көп екен. Бір кездері осы ауылда ауызсу, электр қуаты проблема болған. Ел ауылдан көше бастаған. Сол кезде осы ауылдан шыққан Өмірзақ Шөкеев құны 560 млн теңге тұратын Францияның су тазартқыш қондырғысын орнатып берген. Қазір оның рахатын төрт ауыл көріп, сапалы су ішіп отыр. Жергілікті тұрғындар оны «Шөкеевтің трубасы» деп атап кеткен екен. Елбасының тапсырмасы бойынша баламалы энергия көздерін пайдалану үшін аудан басшылығы екі компаниямен келісімшартқа отырып, 2 мың гектар жер зерттеліп жатыр. Олар қазір жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, инвестиция салуға байлам жасауда. Бұл жаңа жобаға шетел инвесторлары да қызығушылық танытты. Аудандағы тағы бір түйіні шешілмей отырған мәселе ол — табиғи газ. Осы мақсатта 2014 жылдан бастап, барлық елді мекенде газдандыру жұмысы басталмақ. Жаңадан салынып жатқан Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолында ауданның 300-дей азаматы жұмыс істеп жатыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің көмегімен ауданда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша төрт мектеп пайдалануға берілді. Соңғы 20 жылдың ішінде өзекті мәселелер шешіліп жатқанын ауыл тұрғындары мақтанышпен айтады. Қазірдің өзінде 25 ауылда су құбыры жұмыс істеп тұр. Ауданның үш-ақ елді мекеніне асфальт кіргізілмеген.
Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, жаңадан ашылған жұмыс орындары көбейген. Ауданда ең көп кітап қоры бар. Бұл күндері 25 кітапхана жұмыс істеп тұр. Өңірде туризмді дамытуға соңғы жылдары көңіл бөлінуде. «Домалақ — Ана» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ашылған. Бұл аймақтағы киелі жерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу ел ғалымдарына тапсырылып отыр. Қазір де Бәйдібек Баба кесенесі мен Ақ мешіт үңгіріне келушілер өте көп. Жергілікті қариялардың айтуы бойынша, Ақ мешіт үңгірінде осыдан бірнеше ғасыр бұрын 10 мыңға жуық қазақ сарбаздары намаз оқыған. Бұл өңірде орман шаруа­шылығы арнайы қорығы бар. Онда сирек кездесетін ағаштар өседі. Оны зерттеп, игеру — болашақтың еншісі.
Бәйдібек ауданы батыр аналарымен көпке үлгі. Бүгінгі күні мұнда тұратын 500-ге жуық ардақты аналар күллі ауылдың ұйытқысы. Бәйдібекте бірлігі жарасқан жарасымды жанұялар ауылды өркендету үшін бар үлесін қосуда. Елін өрге сүйреп, ауданын алға бастырған әкім Жолдас Райымбектің болашақта да атқарар ауқымды істері баршылық.
Бәйдібек ауданы облыстың 80 жылдығына толайым табыстармен келді. Өңірде даму, өзгеріс бар. Ал елге керегі осы емес пе?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Теги: вне потока , общество

Читайте также

0 комментариев